ҚЫЗМЕТ. ЖАУАПКЕРШІЛІК. АНТҚА АДАЛДЫҚ
Күні-түні дамылсыз қызмет ететін ақ халатты абзал жандар санатында «Жан сақтау» бөлімшесінің мамандары да бар. Сырдария аудандық ауруханасына қарасты бөлімшеге қазіргі уақытта жас та болса, біліктілігімен таныла білген Дастан Сәдірқожаев жетекшілік етеді. Адам өміріне араша түскен бөлімшенің сап түзеген мамандары қашанда науқастың жанын аман алып қалу үшін күреседі.
Негізінен, бөлімшеде күнделікті ауыр хәлдегі науқастар жатқызылып, денсаулық жағдайына бақылау жасалады. Бөлімшедегі дәрігер мен медбикенің әрбір минуты науқасқа жаңа өмір сыйлауға жұмсалады. Бүгінде науқастардың диагнозын анықтап, ем-шара қолдану үшін бағыт-бағдар беретін дәрігерлер қатарында тәжірибесі толысқан Әсет Жамансариев, түнгі ауысымда дәрігер-анестезиолог Асылбек Ауезов, Нұркелді Орақ, Нұркен Усайнов, Алма Сермағанбетова бар. Бөлімшенің жұмысын аға аяжан Гүлзат Рахмет үйлестіріп, орта және кіші буын қызметкерлерінің қызметін жан-жақты реттейді. Бөлімшені дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Өз кезегінде орта буын мамандары Гүлзира Айтуар, Тұмар Абдуллаева Айгерім Мырзымова, Айдана Ниязмағамбетова, Жандос Талапбаев, Абылайхан Сәбитов басшылық қойған талап үдесінен шығуға мүдделі. Сонымен қатар кіші буын қызметкерлері Гүлсім Маханова, Сәрсен Ешназарова, Ұлмекен Сүйіндікова, Мөлдір Изтаева санитарлық тазалықты мүлтіксіз орындауға тырысады.
– «Жан сақтау» бөлімшесінде күнделікті қауырт тіршіліктің қарқыны басылмайды. Жаны үшін күрескен әрбір адамның жағдайына біз жауаптымыз. Аяқтан тік тұрып, науқастың сырқатына дәру дарыта отырып, жақындарының алғысына бөлену – үлкен мәртебе. Палатаның есігінің алдында әрбір сәттен үміт күткен ағайынды көргенде зор жауапкершілікті сезінеміз. Науқастың денсаулығы бірде жақсы, бірде төмендеп кетуі мүмкін. Мұндайда біз тығырықтан шығудың жолын қарастырамыз. Заматында дәрігер, медбике, кіші буын қызметкері бір арнаға тоғысып, жұмыла жұмыс жасаймыз. Бұның барлығы – сала мамандарының табанды еңбегі деп білеміз, – дейді бөлімше меңгерушісі Дастан Сәдірқожаев.